Талапбек Тынысбек. Қайыңдайсың Қабада өскен (ӨЛЕҢДЕР)

Сен менің оқы жырымды

 

Оңаша қалсаң бөлмеңде,

Альбомыңды ашып көргенде.

Өткен күн түссе есіңе,

Келмеске кеткен дей көрме.

Өрт сезім лаулап кеудеңде,

                Сен менің оқы жырымды.

 

Құрбылар бірге жиналса,

Ұсыныс саған ұйғарса.

Ақтарып ашшы сырыңды,

Отырыс тарқап тынғанша,

Ұнатқаның шын болса,

              Сен менің оқы жырымды.

 

Құшқанда жарың ұмсынып,

Қиғылық қылсаң қымсынып.

Серуенге барсаң бір шығып,

Бақтарда жатса гүл сынып,

Қалма әсте үнсіз тұншығып.

               Сен менің оқы жырымды.

 

Жымыңдап жұлдыз жанғанда,

Сәулесін шашып бар маңға.

Айменен жаның сырласып,

Сағыныш айтып арманға,

Көзіңнен жасың тамғанда.

              Сен менің оқы жырымды.

 

Ұмсынып дала ақ таңға,

Ғаламды жарық жапқанда.

Сызылып келіп күн сұлу,

Терезеңді қаққанда.

Ұйқыда қапы қап қалма.

              Сен менің оқы жырымды.

 

Бақытым менің баянды,

Сенімен алғыш оянды.

Тойыма сені шақырам,

Тәнті қып мынау ғаламды,

Шаттыққа бөлеп санамды,

 

              Сен менің оқы жырымды.         

 

 

 

 

 

 

Кетпе жаным

 

Құлазыттың құрбыңның несін ойын?,

Кетпе жаным қасымнан өтінейін.

Тағдырымды теліген арманым ең,

Тәңірімнен өзіңе не тілейін?.

 

Сұңғақ біткен сезімге бай тұлғаңа,

Қарағанмен құныға қанша ұрлана.

Күлімдеген жүзіңнен сырғып түсіп,

Қадалады жанарым ай сырғаңа.

 

Қиялымды қытықтап қыпша белің,

Қолаң шашың құлпырған құтпа дедім.

Сеніміңнің тағылған аққуына,

Үмітімнің үкісін жықпа менің.

 

Тағдырыма мен сені ие көрдім,

Жарлығына көнбейді жүрек елдің.

Барлығында басымда бар бақыттың,

Ән-жырыңа айналсын, күле бергін,

Сүйе бергім келеді, сүйеп өлгім.

 

                                                        13.03.05

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                Мұңаймашы        

 

Кер маралым керілген,

Көркің әсем көрінген.

Тағдырымды телінген,

Айырмасын өзіңнен.

 

Айымдайсың нұрланған,

Қайыңдайсың бүр жарған.

Көтер, көтер көңілді,

Өтер-кетер бұл жалған.

 

Мұңаймашы сетерім,

Менде жасып кетемін.

Ән-күйменен тербетіп,

Әлдилеумен өтемін.

 

Елігімсің, еркемсің,

Серігімсің, көркемсің.

Құштар жүрек сен деген,

Құшағыңда өртенсін.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Саған ғана айтылар шын сұлу жыр

 

  Ұялаттың жаныма есіміңді,

   Бірақ бәрін құрбышың кеш ұғынды.

   Тоғжандары тұрақсыз амал қанша,

   Абайында сенім жоқ осы күнгі.

   Содан нәзік жүрегім шошынулы.

 

   Арай нүрын сепкен ет ар жаныңа,

   Жігіттердің үнадың қандайына…

   Бірақ қорқам Естайы арманына,

Жетпесе де ән айтпас Қорланына.

   Жан сезімі шынымен сорлады ма?.

 

   Ұмыттың деп назданба неге мені,

   Құзғын сезім қызылға кезенеді…

   Қызжібегі қиырда қалсадағы,

   Іздеп табар жоқ оны Төлегені.

   Адалдықтың мұқалған жебелері.

 

   Жарға итеріп жақсыны жетегі ардың,

   Сезім қуып сұлыуым кете бардың…

   Қозыларды жылатып Баяан сұлыу,

   Құшағына тығылып Бекежанның ,

   Қытығынан Қодардың неше ояндың.

 

Саған ғана айтылар шын сұлу жыр ,

  Келмей әттең қойғаны қыйсыны бір…

  Сен жаныңа теліген тағы жігіт,

  Жат құшақта қапы да тұншығып жүр.

Жылаудан да азапты күлкі құрғыр.

 

  Өр сенімді баса алсын нағып мұнар,

  Өлексе ойдан ойранды жалықтым әр…

  Ақ отаудың астында тағып тұмар,

  Алла жазса бір күні жолықтырар.

  Сонда менің жырларым тамшы болып ,

  Жанарыңнан төсіңе тамып тұрар!

 

 

                                                  21.02.2005

 

 

 

                                   Гүлназ

 

Сырымды жұмбақ хатта айттым,

Жырыңды жинап жатқа айттым.

Тұлғаңды көріп сыр тұнған,

Сыртыңнан ғашық боп қайттым.

 

Бүлдіршін қыз ем желексіз,

Тал шыбық болсам, терек сіз.

Қоңыырау шалам себепсіз,

Ойладың аға не деп сіз.

 

Еркем деп мені еліттің,

Көрсем деп күнде келіп мың.

Мен сен деп жанға теліп мұң,

Кемсеңдеп жылай беріппін.

 

Кеудеңе сүйеп басымды,

Тыңдаттың жырлар жасынды.

Тіл қаттым үнсіз, қымбаттым,

Кеудеңе сүйеп басымды.

 

Жарыңның барын білсем де,

Жаныңнан жырақ жүрсем де.

Отыңа жанып күйсем де,

Көңілім менің бір сенде….

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қайыңдайсың Қабада өскен,

Шығарайын қалай естен?.

Оятасың, аға,-  деп сен,

Арманымды санада өшкен.

 

Мойыл көзді мұңсыз бейне,

Не жетеді шіркіндерге.

Қарай берем көзімді алмай,

Қала берем үнсіз кейде.

 

Күлкің қандай күлімдеген,

Үзімдейсің үзілмеген.

Қор қызына баласамба,

Басқан ізің білінбеген.

 

Гүлдей нәзік жан екенсің,

Ағаласаң мәз етесің.

Қарындасым, қарлығашым,

Қандай жанның бағы екенсің?.,

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Елес…

 

Есімің есіме оралып,

Төзімнен кетемін тоналып.

Қиялда қосылып қол алып,

Әлдебір бағытқа жол алып.

 

Әуенсіз айтамыз басқаша ән,

Ешкімде білмеген ешқашан.

Жұпарың жанымды елтеді,

Басқаша бергендей баққа сән.

 

Жамалың жанымды емдейді,

Көздерім өзгені көрмейді.

Сырғаңның сыбдры дуалап,

Күлкіңнің сыңғыры емдейді.

 

Ұмсына үлбіреп бал ерін,

Жанымның жауладың әлемін.

Қымсына құшаққа құлаған,

Сәтіңнің сезді кім әлегін?.

 

Кірпігің айқаса күлімдеп,

Демңнен демігем дірілдеп.

Жатайын жүзіңнен жыр іздеп,

Бәріндн қайтала бүгін кеп.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сыр

 

 

Сезесің бе?

                  Саған біреу көп келет,

Сенесің бе?

                  Кездесе алмай кеткен ет.

Одан сені қызғанғандай кектенет,

Түнді бұзып шәуілдеген көк төбет.

 

Сен есінде,

                  Алыстайды ол ақыры,

Неге осы үнге,

                  Жетпейді екен батылы?.

Сүйген жүрек сескенуге қақылы,

Қайдан ұқсын құр айғайдың батыры.

 

Елесінде,

               Жүздеседі саған көп,

Келесің бе?

                    Өбесің бе?

                                      Самал боп.

Күзетшіңнен қорқам көріп қалар деп,

Өзің шығып қарсы алмасаң амал жоқ.

 

Көресің бе?

                   Көз алдыңнан көп өттім,

Көнесің бе?

                   Сені сүйем демекпін.

Амал қанша тұра алады бөгеп кім,

Тілін таппай өткен күнді төбеттің?.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ерен таудың елігі…

 

Алматы, Алатаудың баурайында,

Жар табам деген арман бар ма ойымда.

Құдайым жазды сені маңдайыма,

Қимаймын сұлулардың қандайына.

 

Мәңгілік бақытымыз бір дегеміз,

Өтуде күндер егіз, түндер егіз.

Осылай осы әлемде сый көреміз,

Түбінде бірге өлеміз.

Ол жайлы үндемеңіз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Көңіліммен аймалап…

 

 

Қылығыңа мастанып,

Бұрымыңа құнықтым.

Білегіңді жастанып,

Бір өзіңнен сыр ұқтым.

 

Бұртиясың назданып,

Бұлқынасың бұғауда.

Жарылатын жазданып,

Жүрек байқұс шыдауда.

 

Көңіліммен аймалап,

Көзім сені өбеді.

Жанарыңнан тайғанап,

Анарыңа төнеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бақыт солай басталтын..

 

Аңғал дәурен арманға қол созатын,

Қызды ауылға қиял қанат қағатын.

Интернет не? телефон жоқ соғатын,

Хатыңды алса зор қуаныш болатын.

 

Ойламайсың гүл туралы беретін,

Шақырмайсың, кино да жоқ көретін.

Серігіңді ертіп алып сенетін,

Күнің қанша, түнің қанша келетін.?.

 

Құшақтасу, айту қиын ол жайлі,

Қолынанда ұстауыңа болмайды.

Жалғыз есім жан әлемін жаулайды,

Әлі ерте, ойланам,-деп алдайды.

 

Ай ересің, жыл ересің, ересің,

Не десе де айтқанына көнесің.

Алданасың құшып, сүйіп елесін,

Көргеніңе мәз боласың төбесін.

 

Кездесесің досың айтар сырыңды,

Сен тұрасың тістілеумен тіліңді.

Мақұл,- деген жел сыбырлап бір үнді,

Бақыт солай басталатын ғұмырлы…

 

                         13.04.2015ж

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жүрегіме от салдың…

                                       -құрбы қыздың хатынан

 

Жүрегіме от салдың деп,

Тіледіңбе менен бақ,

Жеткізе алмай жасқандың көп,

Нұр дидарың қан ойнап.

 

Жарын тапқан жан едім мен,

Жалын шоқтан жүрегі.

Арыла алмай әлегіңнен,

Тағы жаным жүдеді.

 

Тірлігіміз жалғасуда,

Қосылмайтын релістей.

Аянамын таңда асыға,

Саған бақыт тілеп іштей.       

 

 

                                   29.03.2009 ж

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жаңбырлы көктем

 

Жаңбырлы көктем,

Жан құрбы кеткен келмеске,

Тағдырды өткен салмашы өмір енді еске.

Қайғы алған жүрек сұлудан,

Айналған көзім көрмеске.

 

Еркімен сүйіп,

Көркімен ерек еліткен,

Дертіңмен мені алдадың арман неліктен?.

Биікке кеттің сен ұшып,

Күйікке кеттім көніп мен.

 

                                   10.06.09

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тағы сен мазаладың..

 

Тағы сен мазаладың түсіме еніп,

Ақ қанат арманымның құсы болып.

Құзынан құзар таудың құралайым,

Жатамын сені қуып ұшып өліп.

Жанымды мұздатады үсік еміп.

 

Тағы сен мазаладың елес болып,

Арман ба?

                Зарығу ма?

                                    Көп ескеріп.

Алыстан аңсап сәлем жолдағанша,

Кетпедің көріспестей неге өштеніп?

Өйткені қосылмайтын емеспе едік.

 

Тағы сен мазаладың қиялымды,

Сұлуым сырға берік, ұяң үнді.

Жүрегің жұбатты екен сірә кімді,

Таба алмай тентіредім тұрағыңды.

Шошынып алыстадың ақ маралым,

Қосылып шырқай алмай бір әніңді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                              Сені ойлап

 

Сен жоқсың байқалады таң қылаңы,

Сезімім қарғылады, қан жылады.

Тұсалып арманымның арғымағы,

Құсалық көз алдымды шаң қылады.

 

Қайдасың, кім айтады дерегіңді?,

Сен үшін жақсы көрем мен өмірді.

Жолдасам жыл құсынан өлеңімді,

Білмеймін не деріңді.

 

Сені ойлап сырбаз таңды тағы атырдым,

Тағатын мың тауысып сағат ұлды.

Жалғанда жалғыз қыздай жаратылдың,

Арманда жүрегімді жазатын кім?.

 

Келердей сен қасыма бүгін жетіп,

Төнердей қос анарын дірілдетіп.

Өлердей мазаландым буын кетіп,

Жүрегім өр төсімді дүбірлетіп.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                     *              *          *

 

Сені тағы сағындым сұлу мүсін,

Жылап жеткен көктемге жылиды ішім.

Сөздерімнің сыйладым ұғымдысын,

Хаттарыңның жинадым қиындысын.

 

Күн ұзарып барады өртеп мені,

Кездесем деп көп болды серт еткелі.

Аспанымнан әлде не мөлтектеді,

Ай мүсінді арума ең ертектегі?.

 

 

Елесіңе алдандым ұстай алмай,

Келесің бе,

Айналдың құсқа қандай?.

Белесіне арманның шық қамалмай,

Сені есімде сақтайын шыққа малмай.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                      Аңсағаным….

 

Аңсағаным едің ғой айқабақтым,

Өзің жайлы оңаша ойға баттым.

Жамалыңнан жасқанып жаным кейде,

Жанарымды еріксіз тайғанаттым.

 

Жүрегімді жаулаған жүзіктім –ау,

Бір өзіңе байланып жүріпін –ау.

Тыңдаған боп сөзімді тұрғаныңда,

Жынданар деп күлдіңбе жігіт мынау?.

 

Арбағаның емес қой алдағаның,

Арман әнін тағы бір қозға жаным.

Әр таңдарды жаныңда бірге қарсы ап,

Арқандаулы торыдай айланамын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

         Жыртылған хат

 

Жетелеп қиял тамаша,

Қиырға тартып өр кеуде.

Ойыммен болып оңаша,

Отырған шақта бөлмемде.

 

Қағылды есік сен кірдің,

Ақ жарқын жүзің сынық тым.

Мәнісін ойдың сездірдің,

Барлығын сонда біліппін.

 

Қызғанып жүрген өзгеден,

Естідің өсек мен жайлы.

Жақсыны жат қып көрмеген,

Жаныма менің сол қайғы.

 

Сан өлең арнап өзіңе,

Тапсырған едім тартынбай.

Әкелдің қайта өзіме,

Сөз қалды талай айтылмай.

 

Әкелдің қайта неге сен,

Парақтар үнсіз жыртылды.

Аққуға сені теңесем,

Көлінен бүгін үркінді.

 

Жаршысы жанның сыр тұнған,

Жыртылды өлең, жыртылды ән.

Қап қара көзің мөлдіреп,

Мұңайып тұрдың сыртымман.

 

Жатырқай қарап сұлу қыз,

Жек көріп шыға жөнелдің.

Жуыса алмай бүгін біз,

Бақыты болдық тек елдің.

 

Қарындас кетіп қалды аға,

Баяғы үстел басында.

Дір етті жүрек сәл ғана,

Қиналды қимас асылға.

 

Сен сонда несін бөгелдің,

Бұйыртпас мені келер күн.

Нүктесін қойып үлгірдік,

Қоштасу атты өлеңнің,

Қош деуге бірақ тіл келмей,

Жанарға жас боп бөгелдің.

 

 

Түнгі бақ

 

Көкте жұлдыз,

                    Бақта ұл-қыз сырласқан,

Сәулелері, сезімдері жымдасқан.

Толқи басып қолтықтаса қырды асқан,

Ғашықтарға күлімдейді түнгі аспан.

 

Жүректерде шаттық әні шырқалып,

Жан тербеген жанарлардан сыр танып.

Бір тербеліп ырғатылған гүлдермен,

Біз отырмыз түн көрпесін қымтанып.

 

Қандай әсем түнгі бақтың құшағы,

Салқын ауа самал желмен құшады.

Жанарынан жарық айдың құсалы,

Жылтылдаған шық тамшысы ұшады.

 

Бізді көріп тұра алмады аялдап,

Төбемізден бара жатты ай аунап.

Сырымызды жүректегі баяндап,

Қолтықтаса бақтан қайттық аяңдап.

Тәтті ұйқыда тербеледі бар аймақ.

 

 

                               2005 жыл Алматы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                         Өкінбе

 

 

Көріктім,

Кеш саған кезіктім.

Жетегіне еріп желіктің,

Жылата сені келіппін.

Ибалым,

Несіне қыр гүлін жинадың?.

Айтылмай арманға бірге әнім.

Өзгеге сыйладың.

 

Ақылдым,

Аңсаумен қанша таң атырдың?,

Бақытын біле алмай басымның,

Басқаның уына батырдым.

 

Қылықтым,

Сыр тұнған жанарың сынық тым.

Өткенді келмейді ұмытқың,

Соныңа қызықтым.

 

Құрбышым,

Жүздессең қашанда мұңлысың.

Бұзбастан татулық үлгісін,

Жылдарым жылжысын.

 

Өкінбе,

Барлығы тағдырдан өкім де.

Бақытты жұмыр жер бетінде,

Жазбаған жұптасып жетуге.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                         Елегізу….

 

Назыңмен жалыныш үнді,

Қозғадың сағынышымды.

Қайтейін жазымышымды,

Шарпиды жалын ішімді.

 

Көздерің күліп тұрады,

Көргенді құнықтрады.

Өзгенің күдік-күмәнін,

Өзіңсіз кім ұқтрады?

 

Өзіме тартылып тұлғаң,

Деміңе шарпылып тұрған.

Сәтімде сәл тынып бұл маң,

Жалпы әлем жалқылық қылған.

 

Бұл шағым сан қайталасын,

Сыртыманан жан байқамасын.

Деп үнсіз ұмсынғанымда,

Аға-ау ,- деп алдай саласың.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                 Қош бол енді

 

Қош бол енді мен сенен алыстадым,

Өмір атты төзе алған ағысқа кім?.

Елесімді есіңе аманаттап,

Бақытымды басқаға табыстадым.

 

Қатал тағдыр айырды аясын ба?.

Алдан күліп шығасың қай асуда.

Кеше Екеміз сырласқан ақ қайыңның,

Өбісіп тұр өзгелер саясында.

 

Қош бол енді барасың жылап қалып,

Кете алмадым амал не жыраққа алып.

Мәңгі менің өшпейсің жүрегімнен,

Кеудеме өскен бір шоқ гүл сияқтанып.

 

Сенің жаның пәк еді, сүйікті еді,

Қызғанам, кетсе де елдің тиіп демі.

Арманың боп қалайын биіктегі,

Аяулым ұмыт мені, ұмыт мені.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                          Әлі есімде

 

Әлі есімде қоштасқаыным сенімен,

Өтсе де күн көз алдымнан кетпедің.

Ардағым деп арманыңды теліген,

Кешір құрбым,  қадырыңа жетпедім.

 

Бұрын жат ең, таныспаған менімен,

Өмір өзен біт тербеді толқында.

Адастың сен арманымның көгінен,

Үрккен аққу айдынына қонсынба?.

 

Қол ұстасып бірге жүрген күндерде,

Қарайтұғын құрбыларым қызғана.

Ай сәулесі өпкен талай түндерде,

Құлайтын ең құшағыма ұрлана.

 

Бәрі, бәрі алдандрған құр елес,

Бүгін бізге өкініш у жұттырды.

Тарам, тарам тірлік жолы түгемес,

Жатқа теліп, жан сезімін мұттырды.

 

Жұмбақ етпей ақ жаныңның бар сырын,

Жүрегіңнің дүрсілінен тыңдаттың.

Жанарыңа тұнған мөлдір тамшыны,

Үнсіз ғана ерініммен құрғаттым.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қарындасым болшы деп ..

 

Білесің бе, мен сені ұнатамын.

Есімде әлі елік тон, құба салың.

Жан сырыңның жұмбағын ұқтырсаң да,

Сезіндім бе, алғы күн жылатарын.

Қарындасым болшы деп жұбатамын.

 

Таныстық біз жолында ізгі үміттің,

Ұлылығын ұқтырдың қыз қылықтың.

Қос реліс тағдырлар табыса алмай.,

Өмір пойыз келеді жүздіріп мұң.

Өтті қанша ойға сыр тұндырып күн.

 

Ақ көңілін ағаңның біл арманым ,

Аққу сезім арыңа құмар жаным.

Көкаршынға көңілімнен алыстаған,

Сезім сөзін дұға қып тұмарладым.

Жүрегіңнен өшпейтін жыр арнадым.

 

Жұбатамын қимаймын жылатуға,

Тоғыспады арманың, мұратың да.

Қарындасым мүлде жат сыры ақынға ,

Енді сені қақым жоқ ұнатуға.

Қиялымның қалдың тек қиясында.

 

 

 

                                 12.04.2003 ж

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                    Тойыңда

 

 

Үйлендің, күйбеңнің елемей барлығын,

Сый көрдің,сүйгеннің телітіп тағдырын.

Бір белгің, күндердің  тыңдатып ән-жырын

Ізгі елдің бағында бақыттың жай гүлін.

 

Тойыңда, ойыма келеді көп сырлар,

Бойыңа,бағыңа жылуын төксін жар.

Тағы да, ағыла жүрегің тек тыңдар,

Табына, жаныңа жеткім де өпкім бар.

 

 Болмайды ,ондайды  көрмеген бұл халық,

Ойлайды,қоймайды өсектеп сыр жайіп.

Сол қайғы солмайды сезім гүл ырғалып,

Сорлайды,боздайды жүректер сызданып.

 

 Онан да,боларма жыр шоғын бір көсеп,

Санаң да қамалған шаттықты үрлесек.

Маған да, саған да оған да үйлесет,

 Қалайда,талайға талықпай билесек.

 Жарайма?кел онда шарапты бір кесе ет.

 

Көргем мен,кеудемнен ұшырып бақ құсын,

Сендерден, сенделген,  шаттығын тапты шын.

Сен берген,сезген бе ем шараптың тәттісін,

Кел бермен,тербелген сезімге пәк мүсін.

 

«Бұзыққа» Құнықпа, некелі болдың жар,

 Құнтта, тұнықта сендерге айдындар.

 Ұғыппа ел,былыққа салғанын сан жылдар,     

Қызықта,  қызып та азырақ алғым бар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қоштасу

 

Көк аспанды көк бұлттар запы қылып,

Күркірейді кеудеме жасын ұрып.

Гүлін шашып даланың тасын үгіп,

Кеберсітіп кербез жел жатыр ұлып.

Кереметтің осындай затын ұғып,

Көк шалғындар мүлгиді жапырылып.

 

Қара мынау ғаламат тіршілікке,

Қарақыз ау ол сенше күрсініп пе?.

Құлағыңды қарағым түрші көкке,

Ғажап әуен сыңсиды, түршігіп те.

Қиырдағы үн қалайша тұрсын епке,

Тұншықтырып барады түн түнекке.

 

Сырымызды тыңдайды дала тынып,

Сыңсып әуен тымбайды ән атылып.

Түн құшағын тымырсық сара тіліп,

Сырласумен қоштастық таң атырып.

Қалдым жанға мұң, қайғы, нала тұнып,

Бақтан өзің барасың дара шығып.

 

Жаның сенің силады жатқа жалын,

Ақтарылды санам да жатқан ағын.

Ару қыздың аймалап ақ тамағын,

Ай мүлгиді жалғыздың жаттап әнін.

Кете бердің өзгенің таптап арын,

Кер Маралдай керілген пәк қарағым.

 

Мына таңға не дейміз, бұла кешке?,

Өкпелетсем жарқыным сірә кешпе.

Ұшқан бақты қолыңнан аттандырып,

Жылап тұрып қоштасу күнә емес те.

Жылап тұрып аласың бірақ еске.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

             Екеміз бірге

 

Көңілді шаттық кернеген,

Бір бақыт күтіп сен менен,

Жұлдызды түнде жұптасып,

Келеміз баяу жолменен.

 

Мүлгиді дала тыңдап сыр,

Бақытты шақ бұл қымбат бір.

Жайнаған сенің жүзіңдей,

Біздерді күтіп гүл бақ тұр.

 

Жетеміз гүлге, баққа да,

Екеміз бірге шаттана.

Кетеміз тағып кеудеге,

Сенімнің гүлін тек қана.

 

Даралап сенен сыр күттім,

Ғаламат бүгін сыйды ұқтым.

Қолдасып мәңгі жүрейік,

Аралап бағын тірліктің.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                     Жарым сендей болса дейтін жандар көп

 

Ертең сенің туылған күн шаттығың,

Еркем соның күйігінен батты мұң.

Гүл ұсынып көңіліңді тапты кім?,

Жыр ұшырып жүрегінен жатты кім?.

 

Сезіндең бе сені аңсаған бір арман,

Көзін күнде көкжиекке суарған.

Езілдің бе елес қуып тұманнан,

Қоңыр күзде жапырақтай қуарған.

 

Жарым сендей болса деген жандар көп,

Жалын сөнбей жүрегінде жанған көп.

Қайғы-мұңға батпа күнім, арман боп-

Айдыныңа қонған күзде қаздар кеп.

 

Ертең сенің тулған күн мерекең,

Сар далама сағынышты сел етем.

Алып ұшқан жүрегімді не етем?,

Мені құшқан жар қойнына бөлетем.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                 Еркелегенсің  

 

 

Еркелегенсің, еліктіргенсің,

Сырымды менің сезіп білгенсің.

Ағаңның алдың көріктім есін,

Қарғам-ай қайдан кезіктіргенсің?.

 

Жүзіңнен жаздай нұр алаулатып,

Түсіме енесің түн аралатып.

Қалардай қапы күнәға батып,

Жанымды бір мұң жүр алаңдатып.

 

Келбетің көптің көзін арбаған,

Кермейық еркем көріп ем қайдан?.

Елесің кетпей көңіл айнадан,

Өлеңім осы өзіңе арнаған,

Серіні кешір сезімі алдаған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған