Талапбек Тынысбекұлы. Саусақтағы үрей (новелла)

Той жасауды тағатсыздана күткен қалыңдықтың неке күні таяған сайын бойын шаттық пен қуаныш билеп әрлене берді. Әлде неге алып ұшқан жүрегі тәтті ұйқысынан да талай оятты. Күндер бойы қияны қыдырып, әлемді шарлаған қиялы, түндер бойы сан қилы түстерге жетеледі. Оның бұл қуанышының мәні де маңызы да зор еді. Анасынан туғалы сынаптай сырғыған жиырма бес жылдық ғұмырында асыға күткені де осы еді. Адал жар, айнымас серік болу басты арманы болатын. Ғұмыры қыл үстіндегі қыз баланың  бұдан өзге бақыты жоқта еді.

Неке сақинасын алуға базарға беттеген екеудің тілегі табысқанмен қалаулары қайшы келіп жатты.

– Жаным, алтынның қандайын аламыз,- деген Анардың

сұрауына естімегенсіп есіней бұрылған Қайрат:

– Не дейсің,- деп дүңк етті.

– Неке жүзікті айтам, алтыннан тағамыз ғой ә?.

– Е, соны тақпай ақ қойсақ қайтеді өзі, әлде….

– Қойшы жаным, махаббатымыздың куәсі, үйленгеніміздің

белгісі емеспе. Жүзігіме қарап жігіттер сұлуыңа көз салмайтын болады,– деп күлім қаққан Анар Қайратты қолтықтай беріп еді.

– Онда өзің тағып жүре берші, мен жүзікті жек көрем. Маған

күмістен ала салсақта болады. Тойдан соң тығып қоясың ғой еркем,– деп мөлдіреп тұрған Анардың маңдайынан шөп еткізді. Мұндай жауап күтпеген ерке қыз қатты кетті.

– Егер мені сүйіп, қосылатының рас болса қолыңнан

тастамайсың. Әйтпесе бүгіннен бастап бағымды байламай, басқамен үйлен. Неке сақинасын салмайтын, сағанда тақтырмайтын теңіңді тауып ал. Болмаса менің талабым осы- деген Анардың ескертуінен соң амал жоқ алтын сақинадан сыбаға алған. Бойдақ күнінде қыз біткенге қырғидай тиіп, сұлу көрсе сұқтана қалатын Қайраттың көңіліндегі алғашқы қорқыныш, қобалжу осы еді. Неке күні сұқ саусағына салынған сақина ендігі жердегі есін кетірген ермегі болды. Ақ некенің бал қызығы үйінде болғанмен ал саусақтағы алтынның үрейі көше көлігінде, болмаса көңілді бас қосуларда Қайраттың мазасын алды. Кезіндегі көңілдестері мен жаңа танысар сұлуларды үркітіп алмас үшін сұқ саусағын кесіп тастаудан өзгенің бәрін істеді. Анармен бірге жүрген күндерінде, жаз болса қолын жанқалтасынан алмайтын, қыс болса қолғап тастамайтын әдеттен тыс ауыруға шалдықты. Ал Анардың көзі тайса алтын сақина сұқ саусақтан сырғып түсетін де, бұғалықсыз бойдақтай ойнақтап шыға келетін.

Екі жастың ессіз махабатымен өткен күнде белгі жоқ, тағатсыз

зулап сырғып жатты. Үлкен үйден ошақ бөліп, оңаша отау болғандарына да жыл жарым өтіп, мамыр соңы да келіп жеткен. Бүгін жастардың жан ыстығына күн жылуы қосылып, Қапшағай көліне бет алған. Тұнық көлге қолдасып аққудай қалқыған екеуі жарым күн жағалаудың құмына қақталып, бір-біріне су шашып армансыз шомылған еді. Енді міне қайтар шақта, қосылмай жатып Қайраттан сезік алған Анардың жанары а дегеннен-ақ оның саусағына қадалды.

– Жаным, сақинаң қайда, тақпағасың ба?– дей берген еді,

Қайраттың көзі алақандай болып сұқ қолына қадалды. Сүйтті де сылтаудың әдемісін айта бастады.

– Не дейді! Саған бердім ғой, жоқ мына жерге қойғанмын,– деп

ақтала берді. Көңіл сырын көзінен сезінген Анар оңай сылтауына алдана қоймады. Қайратты одан ары қара терге салды.

– Мен алмадым, қойған жеріңді жақсылап қара, ал өзім өлгенше

саусағымнан тастамаймын,- деді де сақинасын сүйіп-сүйіп қойды. Бұл қылығы Қайратты кекеткені де, қызықтырғаны да еді. Ал Қайрат қолындағы алтын жүзікті, ақ некенің куәсі асыл жүзікті бағанағы шомылған шақтың бірінде, Қапшағай иріміне сүңгітіп жіберген. Көлге түсіп кетті десем күмәнсіз бола ма деген жансыз жоспары еді.

Айнала іздеп таба алмай, аздан соң Анарды жетелеп су жағасына

беттеген Қайраттың: – біреу алып қойған секілді,- дегеннен өзге айтары да қалмады. Бірақ, өзінің келергі кездесер көріктілер алдында еркіндік алғанына ессіз қуанған болатын.

– Мені алдап тұрсың ғой жаным,– деп ақ махаббатынан

адасқандай болған Анардың мөлт еткен көз жасы, шолып етіп  айдын айнасына тамып кетті….

Кеште батып қалған еді. Көл бетіне жұптасып қонған аққулар көк жүзінде белгісіз бағыттарға айырылып ұшып бара жатты.

                                                                                13.09.2008

Пікір

  1. Қазақжан:

    Сіздің жазған дүниелеріңіз шынымен де тамаша екен.

    Жауап беру

  2. қарындас:

    Тамаша жазылған. Дәл “біреудің өмірінен” алынған сияқты екен… Шын мәнінде де солай ғой, қателеспесем! Өмірде саусағыңыздан үрейленбейсіз бе?

    Жауап беру

  3. Гүл:

    Сәтті күнде жазылған сәтті шығарма екен!

    Жауап беру

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған