Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ. Қазағым – бар байлығым

Тәуелсіздік қай халықтың болмасын ең асыл құндылықтарының бірі екені анық. Алаш азаттығы да, әне сондай барша қазақтың жүрегінен жарып шыққан, ғасырлар бойғы арманының жемісі.

Еліміз тәуелсіздігінің жирма жылдығында жеткен жетістіктерімізбен, кеткен кемістіктеріміз аз емес. Еліміз саясатының басым бағыттарының бірі болғандығына қарамастан, күрмеуін таппаған күрделі салаға айналған шетелдегі және отанына оралған қандастарымыз турасында да солай. Сондықтан да, «айта айта жауыр болса да» жарасы жазылмаған осы тақырып төңірегінде ой қозғағымыз келеді.

Тәуелсіздік ұғымының алыс-жақын шетелдерден келген қандастарымыз үшін мән-маңызы айрықша. Өйткені, елдіктің, еркіндіктің қадірін, бодандықта өскендер жақсы сезінеді. Сондықтан да, өзгені білмеймін, жыл сайын жаңа жылдың тасасында тойланатын тәуелсіздік күнін шетелдегі және отанына оралған қандастарымыз қадыр түніндей қастерлеп, қасиет тұтады. Ой орамы келгенде айта кетейік, қандастарымыздың бұл қасиетін қызғанбастан үлгі тұтып, барша қазақстандықтар ойланса екен дейміз. Өйткені бабаларымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманы, төгілген қаны, аққан тері жаңа жыл тойлау үшін емес екенін ұғынатын уақыт жетті.

Еліміз еркіндік алып, бөлек отаудың шаңырағын көтеріп, керегесін жайған шақта әлемдегі барша қандастарымыздың санасына тәуелсіз Қазақ еліне жетсем деген асыл ұғым ұялағаны анық. «Әлемдегі барша қазақтың қастерлі құбыласы – Қазақстан» екендігін ұғынған тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің санаулы айларында-ақ, әлемдегі барша қандастарына жар салып, ел іргесін бекемдеп, тәуелсіздігімізді бірге нығайтып, ортақ отанды көркейтуге шақырды. Отаннан жырақ, отарда жүрген ағайындарға азаттықтың ауасымен тыныстап, еркін елде еңсе тіктеуге жол ашты. Әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашыраған бес милионнан аса қандастарымызға бұдан артық қуаныш жоқ еді.

Қазақстан әлемдегі өз қандастарын отанына жинаған үш елдің бірі ретінде белгілі. Әрине, Израил, Германиямен иық теңестіріп, бәсеке таластыруға жағдайымыз келмегенімен, туған халқымен тағдырын тамырлас сезінген Елбасының сындарлы саясатынан бұл ұғым еш уақытта тыс қалған емес. Елбасының жыл сайынғы халыққа жолдауынан, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларында сөйлеген сөздерінен осыны аңғарамыз. Елбасының тікелей бастамашылығымен қолға алынған «Нұрлы-көш» бағдарламасы да сөзіміздің бір дәлелі.Елбасының осындай салиқалы, көреген саясатының нәтижесінде бүгінде миллионнан аса қандастарымыз туған елге оралып, қазақ елінің өркендеуіне жан жақтылы үлестерін қосуда. Шыны керек, қандастарымыз есебінен еліміздегі ұлтымыз саны толығып, тіліміз төрге шыға бастады. Салт-дәстүрымыз жаңғырып, руахни байлығымыз өріс тапты. әр кезеңде өткен президент сайламында да басым дауыс берушілер де солар болғаны жасырын емес. Олардың барлығын даралап айтпасақ та, шамалап түсінуге болады.

Әрине, жетістігімізді айтып жер-жаһанға жар салғанымызбен, шетелден келген қандастарымыздың да шекесі қызып жүргені шамалы.Соңғы жылдар көші-қон саясатының салқындығынан алыс-жақын шетелдерден келетін қандастар көші тоқтады деуге ауыз бармас, тоқырап қалды. Өйткені, жыл сайынғы мемлекеттің көші-қонға бөлген квотасының саны толмайды, кезінде жыл сайын неше мыңдап келетін студент жастарды орналастыра алмай қиналатын министрлік бүгінде мың жарым балаға бөлінген дайындық оқу грантын жүз баламен толтыра алмай дал болуда. Ал, атажұртта аяғынан тозып, не тіркеуге тұра алмай, не азаматтық ала алмай қайта көшкен ағайынның саны күн санап артуда. Еліміз көші-қон саласынан кеткен мұндай кемшіліктер жетіп артылады. Бұл мәселеге сан түрлі себептер келтіруге болады. Ең бастысы шетелден келген қандастарымызбен жұмыс істеудің жүйелі жобасы жасалмаған. Көші-қон заңы сауатсыз бекітілгендіктен қандастарымыз мұдесін шешуде қабілетсіз.Елбасы саясатының төменгі атқарушы биліктер тарапынан жүйелі жүргізілмей, жалған есеп, жалған құжаттармен көші-қонға арналған қыруар қаржының тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетуі. Бұл салада «Әр қазақ менің жалғызым» деп түсінетін алаш азаматтарының аздығы, еліміздегі шетелден келген қандастарымызбен жұмыс істейтін мекемелердің барлығында қазаққа жаны ашымайтын, ұлтсызданған, ождансыз азаматтардың отыруы. Бұған шетлердегі Қазақстан елшілігінің есігінде тозған, елге келуге ниетті неше мыңдаған қандастарымыздың тағдырын қосыңыз. Осының барлығы ескермесе ел бүлдіретін өрескел кемшіліктеріміз екені анық.

Қандастарымыз тақырыбы кім-кімге де болмасын жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес. Себебі, мұның артында ұлт тұтастығы, отан тыныштығы, ел бірлігі, бес милион қазақтың тағдыры жатыр. Сондықтан, төменде өз тарапымнан бірер ұсынысатар айтқым келеді.

Біріншіден, неше милиондаған қазақтың тағдырын шешетін көші-қон заңы отанына оралған және шетелден келетін қандастарымызға арналып, әр елден келген қазақ азаматтарының қатысуымен, ортақ талқылаудан өтіп, жүйелі, сауатты, әділ жасалуы керек. Әрі оның атқарылуы қатаң түрде мемлекет жағынан қадағалануы шарт.

Екіншіден, аты барда, заты жоқ көші-қон департементі қайта жасақталып, бұйрықпен ғана жұмыс істейтін полиция мекемесінің емес, жүйеге,етикаға қарайтын, ұлт тағдырымен санасатын арнайы министрлік болып құрылса, болмағанда президент әкімшілігі жанынан көші-қон департаменті ашылып, барлық салаларына шетелден келген қандастарымыз арасынан білімді, дарынды, елімізде білім алып жетілген мамандар жұмысқа орналастрылса. Себебі, полицияны қылмыстық жағдайда ғана көріп көздері үйренген қандастарымыз, олармен жұмыс істеуде айтарлықтай қиналысқа түседі. Сонымен бірге тек қана бұйрққа ғана бағынған әскери тұлғалар қандастарымызбен жұмыс жасаудың жүйесін білмегендіктен тіл табыса алмайды. Соның салдарынан жұмыс қиындығы туындап, түсінбеушілік келіп шығады.

Үшіншіден, Елбасының тікелей төрағалық етуінде жұмыс атқаратын Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығының барлық облыстағы бөлімшелеріне қандастарымызды азаматтық алғанша тұрақты тіркеуге тұрғызу. Сол арқылы, алыс-жақыннан келген қандастарымыздың азаматтық алып, белгіленген ерулік қаржысына қол жеткізуіне мүмкіндік жасау.

Төртіншіден, елшілік орналастыруда Американың тәжірибесін үлгі ете отырып, Шетелдердегі Қазақстан елшіліктеріне бұрын шетелдерден келіп, елімізде қызымет атқарған, ұлтжанды азаматтарды орналастыру. Әрі елшілік жанынан Қазақстан мәдениеті орталығын ашу. Сол арқылы шетелдердегі қандастарымызды еліміздің тыныс-тіршілігінен, Елбасы саясатынан, көші-қон жағдайынан хабардар болуға, қазақтың рухани байлағымен сусындауына мүмкіндік жасау. Алыс-жақын көптеген елдерде қазақ мектептері жоқ, бірен саран Қытай, Монғолия, Ресей, Өзбекстан қатарлы елдердегі қазақ мектептерінің жағдайы түсінікті. Сондықтан өзге тілде тәрбиеленіп өскен жас ұрпақтың уланған санасына ұлттық рухты сіңіріп, отанға оралуына жол ашу, оларға қазақ тілін ұмытпаудың жәйін қарастырып, отанға бейімдеу жұмыстары да елшіліктер мен мәдениет орталықтарының жұмысы болуы ләзім.

Бесіншіден, бүгінде шетелден келген қандастарымыз ел тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосып,еліміздің мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым мен білім, медицина, спорт, шағын және бизнес, қаржы, т.б. көптеген салаларында табысты еңбек етуде.Үстіміздегі жылдың мамыр айында Астана қаласында өткен дүние жүзі өахаөтарының құрылтайында Елбасы «біз шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан жақты хабар алып тұруына көмектесеміз. Байланыс және ақпарат министрлігі «Казпионет” арнасының қазақтар тұратын елдерге таралуын қамтамасыз ету керек. Бұған қоса, министрлік дүниежүзіндегі қазақ жастарының байланысын нығайту үшін арнайы веб портал ашқаны жөн» деп атап қткен болатын.Осыған орай, тәуелсіздікпен тағдырлары тамырлас қандастарымызға арнап мемлекеттік телеарналардан, әсіресе толықтай мемлекеттің тілде жұмыс атқаруға көшкен «Қазақстан» ұлттық теле арнасынанаптасына жарты сағаттық (30 мин) арнайы бағдарлама ашылса деген тілегімізді жеткізгіміз келеді. Аталған бағдарлама арқылы отанына оралған қандастарымыздың жетістіктерін, елге, жерге, Елбасына деген сүйіспеншіліктерін жеткізуге, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекетке етене араласып кетуіне мүмкіндік беруге болады. Сонымен қатар,бағдарлама аясында Елбасы Н.Назарбаевтің тікелей бастамасымен қолға алынған «Нұрлыкөш» бағдарламасын кеңінен үгіттеп, мемлекеттің тиімді саясатын шетелдегі қандастарымызға насихаттау арқылы олардың тарихи отанына қайтуға деген құлшыныстарын арттыруға болады. Сонымен бірге аталған бағдарлама аясында барша қандастарымызды отансүйгіштікке ынталандыруға жол ашылары қақ.

Қорта келгенде, осындай айғайлап айтуға келмейтін, болмашы жүйелердің дұрыс жасалмауынан ағайын ара араздық туындап, үлкен елдік мәселеге айналып отыр. Ортақ отаннан өз еншісін алуға ниетті әрі міндетті қандастарымыз жәйі ел дейтін ерлердің бәрін ойлантуға тиіс. Себебі, Қазақстан деп аталатын осы қасиетті елдің ертеңі қаракөз қандастарымызбен қабырғалы екенін ұғынғанымыз абзал. Бұл мәселе жуық арада жүйелі шешім таппаса, басы ауырып, балтыры сыздаған ағайын әлде қандай күй кешіп, жат пиғылды жандардың жетегінде кетуі әбден мүмкін.

Ел тәуелсіздігінің жирма жылдық белесінде елге келген ағайын жайы жақсарып, келер туысқандарға кедергіміз азайса екен дейміз. Ел ертеңін ойлап егілген Елбасы саясатынан осыны күтеміз. Өздерін халық қалаулысы биігінен көргісі келетін, депутаттық додаға сайланған азаматтарға да айтарымыз осы.

Талапбек Тынысбекұлы, «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы 

Пікір

  1. Ақілгек:

    Тамаша толғаныс! Ой -өрісінің жоғарылығы, жазу тілінің шұрайлылығы анық байқалады.

    Жауап беру

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған