Аманхан Әлім. Жақсы өлең оқиық, достар!

Қандай тамаша өлең! Жұматайды еске салады. Бірақ, Жұматай емес, Талапбек! Әттең, тек, мен болсам соңғы шумақтың төртінші жолдағы ұйқасын шымырлар едім. Бірақ, аяқталуын солай қалдырып. Пушкин “маған алғашқы ұйқастарды Алла береді, қалғанын құлақ күйі келген көңіл күй арқылы(“шабыт” деп қабылдаңыз) өзім түзеп аламын” дегенге саятын сөз айтқан. Оны реттеу, шеберлікке салса қиын емес. Ең бастысы өлең туған! Жақсы өлең туған! Тіл, образ, өлеңдегі он үш буындық саздың ырғаққа түскендегі өрілімі қандай керемет! Поэзиядағы поэтикалық көркемдік деген осы, достарым! Әрине, бұл ешкімге таңбайтын өз пайымымда! Енді, өлеңмен танысыңыздар! Тәмат тәмам!

Талапбек Тынысбекұлы

Тобылғы бүрлеп келеді…

Тобылғы бүрлеп келеді төлдеуліктегі,
Тербеліп тегі шіркіннің көзді еліткені.
Өкініп тұрған кезімде есіме алған,
Кекілік қуған күндерім кезбелік пе еді?.

Төрт түлік болған күйбеңі күн көріс деген,
Өзгеше баққа жұрт едік үйренсіпеген.
Жамырып жетер кешкілік көген басына,
Қозы-лақпенен қырқада бірге өрістегем.

Балғұмыр өткен ақшағыл жаңбыр аптаған,
Өзіңдей құшақ ашады қай жұмақ маған?.
Шоғырлы жұрттың шулатып аламойнағын,
У тақым ұлды ұмытпас тай құлақтаған.

Атамның жортқан жонында айтөбел кері,
Тұратын аңсап секілді әр төбе мені.
Жеңгелер барған бастаудан шоқыраңдатып,
Атамның атын сурару мәртебе еді.

Атасыз жүрмін алақан айға көтермей,
Ертегі күннен не белгі айғақ етердей.
Құрық түспеген құлындай кекілді шағым,
Тобылғы сайда адасып қалған екен ғой.

Аманхан Əлім

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған